«Nomad Insurance» сақтандыру компаниясы халықаралық қайта сақтандыру пулына қосылып, Ford Motor Company компаниясының мүліктік тәуекелдерінің бір бөлігін өз мойнына алды. Бұл қадам компанияның жаһандық қайта сақтандыру нарығындағы позициясын нығайтты.
Шарт 12 айға жасалды және барлық тәуекелдерді қамтитын қорғауды қамтамасыз етеді, яғни шартта көзделген кез келген тікелей материалдық залалдар мен бүлінулерді жабады. Сақтандыру қорғауы бүкіл әлемде әрекет етеді, АҚШ-тың экономикалық санкциялары қолданылатын елдер мен аумақтардан басқа.
Шартқа жаһандық автоөндіруші компанияның барлық негізгі активтері енді. Атап айтқанда, Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Еуропада, Азия мен Африкада орналасқан 62 өндірістік зауыт пен ғылыми-техникалық орталықтар, Lincoln дизайн студияларының желісі мен Ford Modele бөлімшелері, логистикалық хабтар мен қосалқы бөлшектердің ірі қоймалары, сынақ полигондары, автономды жүргізу зертханалары және механикалық өңдеу станоктары қамтылды.
1903 жылы Генри Форд негізін қалаған Ford компаниясы 10-нан астам суббренд аясында жеңіл, коммерциялық көліктер мен жол талғамайтын автомобильдер шығарады және жыл сайын 190 нарықта 4 миллионнан астам көлік сатады.
«Ford бағдарламасына қатысу – қазақстандық сақтандырушының ірі өндірістік тәуекелдерді қамтамасыз ету қабілетін дәлелдейді. Coca-Cola, IBM және Amazon жобаларынан кейін біз өндірістің үздіксіздігіне жоғары талап қойылатын автокөлік секторына қадам бастық. Мұндай жаһандық алпауытпен әріптестік – біздің әлемдік деңгейдегі жауапкершілікті қабылдауға және нақты экономика секторындағы жаһандық брендтерді қолдауға дайын екенімізді көрсетеді», – деді «Nomad Insurance» компаниясының PR бағыты бойынша директоры Шакир Иминов.